Басты бет / Жаңалықтар / Шикізаттан дайын өнімге: ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалған қаражаты қайда бағытталмақ?
Новости и статьи 15 қазан, 2026

Шикізаттан дайын өнімге: ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалған қаражаты қайда бағытталмақ?

Шығыс Қазақстанда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2026 жылға қарастырылған қаражаттың қалған бөлігі тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды дамытуға жұмсалмақ. Ендігі мақсат – мал өсіріп, егін егумен ғана шектелмей, ауылдың өзінде дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын көбейту. Мұндай шешім ауыл экономикасын әртараптандыру, аудандардың өндірістік әлеуетін арттыру және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінен алынатын қосылған құнды ұлғайту қажеттілігінен туындап отыр.

Өткен жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында жүздеген ауыл кәсіпкері мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, техника сатып алуға, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Осылайша қалыптасқан өндірістік негіз ендігі кезекте ауылдың өзінде өңдеу кәсіпорындарын дамытуға жол ашып отыр.

«Ертіс» ӘКК» АҚ ресми өкілі Инабат Қайсанованың айтуынша, бүгінгі міндет тек ауыл шаруашылығы шикізатын өндірумен шектелмей, оны нарықта сұранысқа ие дайын өнімге айналдыру болуға тиіс.

– Мал өсіру дегеніміз – оны тек тірідей салмақпен сатып, табыс табу ғана емес. Бұл – мал сою пункттерін ашуға, еттен жартылай дайын өнімдер әзірлеуге, қапталған және вакуумдалған ет өнімдерін шығаруға да мүмкіндік. Сүт бағытындағы мал шаруашылығы ірімшік, сүзбе, сары май және ұлттық сүт өнімдерін өндіруге жол ашады. Сол сияқты қой шаруашылығы да тек ет өндірумен шектелмейді. Қой жүнінен киіз бұйымдарын, жылу оқшаулағыш материалдар мен басқа да қажетті өнімдерді жасауға болады. Астықты, көкөністі, жеміс-жидекті және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде де осындай мүмкіндіктер мол, – деп түсіндірді И. Қайсанова.

Оның сөзінше, ең бастысы – ауылдық аудандар тек шикізат жеткізуші болып қалмай, біртіндеп дайын өнім өндіретін аумақтарға айналуы қажет.

Бұл ретте әңгіме міндетті түрде ірі зауыттар салу туралы болып отырған жоқ. Шағын елді мекендер үшін ықшам өңдеу цехтарын, отбасылық өндіріс орындарын, кооперативтік кәсіпорындар мен жергілікті халықтың сұранысын өтей алатын өндірістік шеберханаларды ашудың болашағы зор.

Мұндай өндіріс орындары ауыл кәсіпкерлеріне өз өнімдерін сатып қана қоймай, басқа да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, сүт пен етті өңдеу, астықты тазалау және қаптау, жүн өңдеу, көкөніс пен жеміс-жидекті кептіру және консервілеу бағыттарында қызмет көрсетуге болады.

Осылайша ауылдың өз ішінде жаңа экономикалық байланыстар қалыптасады. Бір шаруашылық шикізат өндірсе, екіншісі оны өңдейді, үшіншісі қаптап, нарыққа шығарады. Соның нәтижесінде осы қызметтен түсетін табыстың едәуір бөлігі жергілікті экономикада қалады.

Тағы бір маңызды мәселе – ауылдардың қалалар мен өзге өңірлерден жеткізілетін дайын өнімдерге тәуелділігін азайту. Ал келешекте сырттан әкелінетін тауарлардың жекелеген түрлерін жергілікті өніммен алмастыруға да мүмкіндік туады.

– Бүгінде ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы шикізаты жеткілікті болғанымен, күнделікті тұтынатын тауарлардың едәуір бөлігі сырттан дайын күйінде жеткізіледі. Өңдеу саласын дамыту арқылы осы жағдайды өзгертіп, бәсекеге қабілетті өнімді тікелей ауылдың өзінде шығаруға жағдай жасау көзделіп отыр. Сондықтан Шығыс Қазақстанда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қалған қаражат қазір тек өңдеу жобаларын қолдауға бағытталуда. Бұл – ауылдық аумақтардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға бағытталған нақты экономикалық басымдық, – деп түйіндеді корпорацияның ресми өкілі И. Қайсанова.

Ауыл шаруашылығының бастапқы өндірістік бағыттарына көрсетілген мемлекеттік қолдау алдағы дамудың берік негізін қалыптастырды. Ендігі міндет – өндірілген шикізатты тереңірек өңдеп, жергілікті өнім түрлерін көбейту және олардың тұтыну нарығындағы үлесін арттыру.

Бұл бағыттағы жұмыс ауыл кәсіпкерлігін шикізат өндіруден қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейін кезең-кезеңімен дамытуға мүмкіндік береді.



Фото: ЖИ