2 қарашадан бастап «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның сауда павильондары мен меморандум аясында жұмыс істейтін серіктес дүкендерде картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат тұрақтандыру бағасымен сатыла бастайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетігі аясында аталған көкөністер жыл сайын қараша мен мамыр аралығында саудаланады. Биыл сауда 2 қараша, дүйсенбі күні басталмақ.
Өнім жеткізу үшін ӘКК жергілікті өндірушілермен картоптың 3 650 тоннасын, сәбіздің 840 тоннасын, пияздың 590 тоннасын және қырыққабаттың 880 тоннасын жеткізуге шарт жасасты. Бұл көлем қала тұрғындарының аталған өнімдерге деген үш айлық қажеттілігінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етеді.
2 қарашадан картоп — килограмына 213 теңге, сәбіз — 196 теңге, пияз — 127 теңге, қырыққабат — 184 теңгеден сатылымға шығады. Бағалар Өскемен қаласындағы орташа ресми бағалардан төмен белгіленген.
Аталмыш тұрақтандыру кезеңі аяқталғаннан кейін де көкөністер үзілмек емес. Жаңа өнім, оның ішінде ерте пісетін балғын жемістер сауда орындарына жаңа келісімшарттар аясында жеткізілетін болады. Әдетте ерте өнімнің бағасы сәл өзгеше болуы мүмкін. Ал тамыз–қазан айларында саяжайлар мен ауыл шаруашылықтарынан жиналған өнім нарыққа түсіп, маусымдық ұсыныстың артуы бағаның табиғи түрде тұрақтануына ықпал ететіні дәстүрлі үрдіс. Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар бакалея өнімдері болса жыл бойы тұрақтандыру бағасымен сатылымда.