Басты бет / Жаңалықтар / ШҚО, Шемонаиха: ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Новости и статьи 27 тамыз, 2026

ШҚО, Шемонаиха: ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілдері Шемонаиха ауданына кезекті жұмыс сапарымен барды. Кездесу барысында аудан тұрғындары мен бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына несие беру шарттары, жобаларға қойылатын талаптар және өтінім беру тәртібі, ережеге енгізілген тың өңірлік басымдылықтар түсіндірілді.


Көпшілікке мәлім, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және ауылдағы бизнесті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. 2023–2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысында бағдарлама аясында жалпы сомасы 4,04 млрд теңгеге 400 жоба қаржыландырылды.

Ал биыл несиелендіру 3 млрд теңге сомасындағы транш есебінен жүзеге асырылуда. Тамыздың соңына дейін 2,33 млрд теңге қаражат көлеміне 138 жоба мақұлданды. Оның ішінде кепіл мүлкін рәсімдегеннен кейін 2,17 млрд теңгеге 127 жоба қаражатын алып үлгерді. Үлестірілген несиенің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға – 1,19 млрд теңге, туризмге – 538,7 млн теңге, техника мен жабдықтар сатып алуға – 246,8 млн теңге және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 134,3 млн теңге бағытталды.


Шемонаиха ауданы: ағымдағы нәтижелер


2023 жылы Шемонаиха ауданында 45,3 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылса, 2024 жылы 38,6 млн теңгеге тағы 5 жоба қаржыландырылды. 2025 жылы ауданда бағдарлама бойынша жобаларды қаржыландыру жүргізілген жоқ.

Ағымдағы жылы жағдай өзгерді. Бүгінгі таңда Шемонаиха ауданында жалпы сомасы 79,9 млн теңгеге 6 жоба мақұлданды. Кепіл мүлкін тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін аталған 6 жобаның барлығы қаржыландырылды.

Аудандағы қаржыландырылған жобалардың қатарында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де бар. Бір кооперативке 31,7 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Жалпы облыс бойынша қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің 58 жобасы 1,59 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл бағдарлама бойынша ағымдағы қаржыландыру көлемінің елеулі бөлігін құрайды.

Жұмыс сапары барысында «Ертіс» ӘКК» АҚ мамандары аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, әлеуетті қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптарды, қаржыландырылатын бағыттарды және бағдарламаға қатысу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Мұндай консультациялық жұмыстар әлеуетті қатысушыларға өздерінің бизнес-жобаларының бағдарлама талаптарына сәйкестігін алдын ала бағалауға, қажетті құжаттарды дайындауға және несие беру мәселелері бойынша толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.