Шығыс Қазақстанда жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік кеңейіп отыр. Өскемен қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арасында портфельдік кепілдік беру туралы келісімге қол қойылды.
Келісімнің негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің айналым қаражатын толықтыруға бағытталған қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту. Ынтымақтастық аясында «Даму» қоры қарыз алушылардың міндеттемелері бойынша ішінара кепілдік беру тетігін ұсынады.
Келісім шарттарына сәйкес, кепілдік мөлшері негізгі қарыз сомасының 85%-на дейін жетуі мүмкін. Бұл ретте бір қарыз алушыға берілетін кредиттің шекті сомасы 1,5 млрд теңгеге дейін белгіленген.
Аталған тетік кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды төмендетуге мүмкіндік береді. Осылайша, өзінде жеткілікті кепіл мүлкі жоқ кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландыру алу мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар келісім «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландырудың тиісті тетіктерін іске асыру бағытындағы өзара іс-қимылын көздейді. Бұл ретте ӘКК қарыз беруші ретінде әрекет етіп, қаржыландыруды түпкілікті алушыларға ұсынады.
Осылайша, «Аграрлық несие корпорациясының» қаржыландыру құралдарын, «Даму» қорының кепілдік беру тетіктерін және «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның өңірлік мүмкіндіктерін біріктіру Шығыс Қазақстан облысындағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін жеңілдетілген қаржыландыруды қолжетімді етіп, олардың ағымдағы шаруашылық қызметін қолдауға мүмкіндік бермек.