Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ «Игілік» және «Береке» жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша өтінімдер қабылдауды бастады.
Бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне асыл тұқымды мал басын көбейтуге, өндірістік әлеуетін нығайтуға және шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолайлы қаржылық қолдау тетіктерін ұсынады.
Қаржыландыру жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар қарыз алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңі көзделген. Бұл кәсіпкерлерге өндірісті жолға қойып, инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Игілік» бағдарламасы
Бағдарлама шеңберінде импорттық асыл тұқымды ірі және ұсақ мүйізді мал, импорттық және отандық асыл тұқымды жылқы, түйе, шошқа, марал, сондай-ақ асыл тұқымды ара отбасыларын сатып алу қаржыландырылады.
«Береке» бағдарламасы
Бағдарлама импорттық асыл тұқымды ірі және ұсақ мүйізді малды ірі көлемде сатып алуға бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған. Ол өндіріс көлемін ұлғайтып, заманауи мал шаруашылығын дамытуға ниетті шаруашылықтарды қолдауға бағытталған.
Өтінімдерді қарау барысында жобаның өміршеңдігі мен экономикалық тиімділігі кешенді бағаланады. Атап айтқанда, өтініш берушінің салалық тәжірибесі, жер ресурстарының жеткіліктілігі, өндірістік инфрақұрылымы, жемшөп қоры, мал ұстайтын қора-жайлары, ветеринариялық қамтамасыз етілуі және өнімді өткізу нарықтарының болуы ескеріледі.
Сатып алынатын асыл тұқымды мал белгіленген талаптарға толық сәйкес келуге тиіс. Оның ішінде жануарлардың жасы, сәйкестендірілуі, чиптелуі және қажетті құжаттарының толық болуы міндетті. Қаржыландырудың барлық кезеңінде белгіленген ең төменгі мал басы сақталуы қажет. Сонымен қатар импортталатын малдың әрбір түрі бойынша шекті сатып алу бағалары белгіленген.
Қатысушыларда ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру, ұстау, сою, сақтау, қайта өңдеу немесе өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектісінің есептік нөмірі болуы міндетті.
Жобаларды іріктеу кезінде қарыз алушының қаржылық тұрақтылығына ерекше назар аударылады. Осыған байланысты кәсіпорынның бухгалтерлік және қаржылық есептілігі, қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері, сондай-ақ кәсіпкердің кредиттік тарихы жан-жақты зерделенеді.
Қаржыландыру кепілмен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жоба құнының кемінде 15 пайызы көлемінде кәсіпкердің меншікті қаражатының қатысуы міндетті талаптардың бірі болып табылады.
Бағдарламаларға қатысу шарттары бойынша толық ақпарат алып, өтінім беру үшін төмендегі мекенжайға хабарласуға болады:
Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1.
☎️ 8 (7232) 74-04-78
☎️ +7 705 120 53 67